Адамның адамшылдығы - жақсы ұстаздан
Ұстаз сөзінің ұғымы кең. Ұрпақтың болашағы мен тәрбиесі қай заманда да айрықша маңызға ие болғанын білеміз. Осы орайда, адамзаттың алыбы Абай Құнанбайұлының: «Адамның адамшылдығы-жақсы ұстаздан»,-деген дана сөзін сырт айналып өту мүмкін емес.
Менің ойымша, кез келген адам ұстаз бола алмайды. Себебі, ұстаздық өнердің тағылымы терең. Қасиетті өнер әр адамның бойына қона бермейді. Шын ұстаз болу үшін де табиғи дарын, ізгілікті ізденіс, ерен еңбек қажет. Өйткені, мұғалім әрбір баланың бойындағы қабілеттің көзін ашып, үлкен өмірге бейімдейді.
Мен 2020 жылғы 1 қыркүйектен бастап №8 жалпы орта білім беретін мектебіне жұмысқа орналастым. Жас маман болғандықтан, жасөспірімдерге білім мен тәрбие беру жөнінде тәжірибем жоқ. Сондықтан мектеп ұжымынан қолдау мен әдістемелік көмекке мұқтаж болдым. Тәжірибелі, мықты ұстаздар мектебімізде аз емес. Сондай ұстаздардың бірі, мектебіміздің орыс тілі және әдебиеті пәні мұғалімі, аудандық орыс тілі мен әдебиет пәні мұғалімдері ассоцияциясының жетекшісі Сексенбаева Махабат Амировнаны менің тәлімгерім ретінде тағайындалды. Махабат Амировна ұрпақ тәрбиесі жолында тынымсыз ізденісте жүретін қызметінде білікті де білімді, жас мамандарға ақыл-кеңес беруден жалықпайтын, үлкенге ізетті, кішіге қамқор ұлағатты ұстаз.
Махабат апай 1974 жылы 31 шілдеде Ақмола облысы, Атбасар ауданы, Самарка ауылында дүниеге келген. Еңбек жолын 1997 жылы Самарка орта мектебінде бастаған. 1999-2004 жылдары Астана қаласы Гумилев атындағы Еуразиялық ұлттық университетінің орыс тілі мен әдебиеті факультетін бітірген. 2015 жылдан бастап №8 жалпы орта білім беретін мектебінде жұмыс жасап келеді. Елбасы Н.Ә.Назарбаев: «Мен бүгінгі ұрпақтың үш тіл білуін қолдаймын. Мемлекеттік тіл- мемлекетті құрушы ұлттың тілі, ал орыс тілін білу-ұлы байлық»,-деп айтқандай, Махабат Амировна қазіргі таңда қазақ балаларына орыс тілі пәнін оқыту әдістері мен тәсілдерін анықтап, оқушылардың ой-өрісі мен танымдық қабілеттерін жетілдіруде. «Ұстаз болу-өз уақытыңды аямай, өзгенің бақытын аялау»,-деп Мұхтар Әуезов айтқандай, уақытпен санаспай, балалардың болашағы үшін аянбай жұмыс істеген мұғалімнің бейнеті еш кетпейтіні анық.
Осы сәтті пайдаланып Сізді келе жатқан Халықаралық әйелдер мерекесімен шын жүректен құттықтағым келеді. Деніңіздің саулығын, еңбегіңізде жеңіс, жүрегіңізге мәңгі жастық жалынын тілеймін. Әрдайым осы салмақты да сабырлы қалпыңыздан танбай, табыстан табысқа жете беріңіз.
Игі тілекпен
Бақытжан Нұрзиля
№8 жалпы орта білім беретін мектебінің
математика пәнінің мұғалімі